Алматы қаласы Білім басқармасының
«№156 жалпы білім беретін мектеп»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(727) 298-10-68
Есепші бөлімі:
+7(727) 298-13-63
eOtinish.kz
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Халықтар достығының керемет мерекесі өтті
14
май
2026

Халықтар достығының керемет мерекесі өтті

Халықтар достығының керемет мерекесі өтті

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында мектептің 5-сынып оқушылары, мұғалімдері мен ата-аналары бірлесіп мерекелік шара өткізді

Алматы қаласы Білім басқармасының Алатау аудандық Білім бөліміне қарасты №156 жалпы білім беретін мектептің дәліздері 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ерекше жылуға, шуаққа бөленді. Бүгін мұнда тек ән мен күй ғана емес — ғасырлар бойы қатар өмір сүріп, бір-бірінің дастарқанынан дәм татып, бір-бірінің қуанышына ортақ болған халықтардың жүрек жылуы сезілді.

№156 жалпы білім беретін мектеп — Алматының көп ұлтты, көп мәдениетті рухын бойына сіңірген оқу орындарының бірі. Мектепте оқыту үш тілде — қазақ, орыс және ұйғыр тілдерінде жүргізіледі. Мектептің тағы бір ерекшелігі — оның қабырғасында әртүрлі этникалық топтардың өкілдері — қазақтар, орыстар, ұйғырлар, дүнгендер, украиндер, шешендер, өзбектер және басқа да ұлт өкілдері бірге оқиды, бірге өседі, бірге достасады. Осындай бай этномәдени орта мектепті тек оқу орны ғана емес, нағыз шағын Қазақстанға айналдырып отыр.

«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ата-аналармен ашық және жағымды қарым-қатынасты дамыту, мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайту үшін ата-аналарды мектеп өміріне тарту мақсатында «Халықтар достығы» атты этномәдени фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оқушылардан құралған этникалық топтар өздері таңдаған ұлттың мәдениетін, тілін, тағамдарын және өнерін мерейлі мерекеге арнап таныстырды. Сахнаға шыққан қазақтар, осы жердің ата-бабадан қалған иелері, күмбірлеген домбырасымен, ақ киізімен және дәстүрлі той салтымен қонақтарды құшақтарын жайып қарсы алды. Ұйғырлар нәзік те ырғақты биімен тамсандырса, дүнгендер ұлттық кестелі киімдерімен және байырғы ән-жырларымен назар аударды. Орыстар мен украиндер, рухани жағынан туыс екі халық, өздерінің ән-би өнерімен көрермендерге ерекше көңіл күйін сыйлады.. Шешендер еңсені биік ұстаған мақтанышты жауынгерлік биімен жұртты тәнті етті. Өзбектер дастарқандарын мол тағаммен жайды.

Осындай ауқымды шараның артында апталарға созылған дайындық, оқушылардың әр ұлт туралы ізденген шығармашылық жұмыстары, үйренген ұлттық билер мен әндер, ата-аналар шеберханасында тігілген ұлттық киімдер, балалар мен мұғалімдер бірлесіп жасаған безендірулер тұр. Бұл жай ғана мектеп кеші емес — бұл ұжымдық еңбек пен ортақ мақтаныштың нағыз жемісі.

Оқушылар сахнада әр ұлттың бірыңғай, керемет ұлттық киімдерін киіп,  би, әндерін нақышына келтіріп орындау арқылы өздерінің өнерлі және жауапкершіліктерінің басым екендіктерін көрсетті. Ұлттық биге толы сахнада қазақтың мың бұралған қыздар тобы, ұйғырлардың ырғақты, ойнақы биі, орыстардың, т.б. ұлттық билері — бәрі де сол бір сахнада бір ырғаққа бастап, бір-бірімен үйлесім тапты.

Фестивальдің ең жылы бөлімдерінің бірі — ұлттық тағамдар жәрмеңкесі болды. Үстелдерде қазақтың қуырдағы мен бауырсақтары, ұйғыр лағманы мен самсасы, дүнген ашлямфусы, өзбек пловы, орыс пирогтары, украин борщы, шешен жижиг-галнашы қатар тізілді. Балалар мен ересектер бір-біріне мейіріммен  төмендегідей сауалдарға жауап алды: «Бұл не тағам?», «Бұл нанды кім пісірді?» — деген сұрақтар ең тиімді мәдениет сабағына айналды.

Шараға қатысқан ата-аналар мектеп ұжымына, оқушылар мен ұстаздарға үлкен ризашылықтарын білдіріп, осындай шаралардың бала тәрбиесіндегі маңызының ерекшелігіне баса назар аударып өтті.

 

 

№156 ЖББ мектептің мұғалімі

Агибаева Айнур Әсетқызы

 

Осы беттің QR-коды:
QR-код этой страницы: